Жетісай ауданында 32 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетіп отыр

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында 32 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айтбай Тілесов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген қаражаттың 9 млн 200 мың теңгесі «Жетісай мәдениет үйіне» музыкалық аппаратура мен сахналық киімдер алуға, мерзімді басылымға жазылуға жұмсалған. Ал 2 млн теңге «Аудандық орталық кітапхалар жүйесіне» және «Коворкинг орталығын» ашу мен мерзімді басылымдарға жазылуға жұмсалған. Жетісай аудандық мәдениет үйінде» және оған қарасты ауылдық мәдениет ошақтарында жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан 62 үйірмеге 855 адам қатысқан. Ал, әртүрлі деңгейде ұйымдастырылып өткізілген 293 мәдени іс-шараны 18 884 көрермен тамашалаған.

«Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханаларда бүгінгі таңда 325 157 дана кітап болса, оның 168 977-сі - қазақ тіліндегі әдебиеттер. Биылға кітап қорын толықтыруға 520 мың теңге бөлініп, кітапхана сөрелері 2358 әдеби кітаппен толыққан. Бөлім тарапынан тіл оқыту шаралары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 55 үйренуші - қазақ тілін, 54 шәкірт - орыс тілін, ал, 72 үйренуші - ағылшын тілін оқыған. Бүгінде Жетісай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 32 нысанда 159 қызметкер тұрақты түрде сапалы қызмет көрсетіп келеді»,- дейді Айтбай Тілесов.

Соңғы жаңалықтар