Жетісай ауданының балықтары алыс жақын шетелге экспортталуда

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Жетісай ауданында жыл өткен сайын балық шаруашылығы дамып келеді. Бүгінде аталған ауданның балықтары Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспортталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық ауылында орналасқан «Сүндет» шаруа қожалығы дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды 1 млн 300 дана балық шабақтарын өсіруде. Мұндағы шабақтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады.

Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар,- дейді мамандар. Осылайша елдімекеннің кәсіпкерлері табыстарын арттырып келеді.

Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар.

Оның ішінде 88-і жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарлама өз кезегінде балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізіп келеді.


Соңғы жаңалықтар