Жетісайда 3 жасар бүлдіршін түн жарымында жалғыз жүрген

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Жетісай ауданында 3 жасар бүлдіршін түн жарымында жалғыз жүргені анықталды. Түнгі уақытта кезекті шақыртуға шыққан полицейлер адасып қалған баланы тауып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің айтуынша, Жетісай жедел-тергеу тобының қызметкерлері сағат 04:30 шамасында шақырту бойынша жолға шыққан.

Олар «Абай» саябағында шамамен 3-4 жастағы кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап қалады.

Тәртіп сақшылары ұл баладан қайда тұратынын сұрағанда, тілі толық шықпаған бүлдіршін нақты жауап бере алмаған.

Болмаған соң полицейлер одан ары баланың ата-анасын анықтап, үйін табу мақсатында ол табылған аумақтағы үйлерді жеке-жеке аралап шыққан.

Баланың фотосуретін көрсетіп, іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде жоғалған баланы іздеп жүрген әйелді тапқан.

Ол бүлдіршіннің нағашы әпкесі болып шыққан. Тексеру кезінде анықталғандай, үй-іші толық ұйықтап жатқанда оянып кеткен бала үйінен шығып кеткен.

Таңертең анасы ұйқыдан тұрғанда қасында баласы болмағаннан кейін олар полицейлерге хабарламастан өздері іздей берген.


Соңғы жаңалықтар