Жетісайлық көпбалалы ана мемлекеттің қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отыр

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны Айгүл Жансейітова бүгінде мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп,  кәсібін дөңгелетіп отыр. Тігіншілікке бейім көпбалалы ана 7 жыл бұрын кәсіпкерлік курстарын оқып, арнайы сертификат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбибулла ауылының тұрғыны қолына куәлік тиген соң,  аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырған. Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен оның құжаттары мақұлданып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505 мың теңге алған. Бір аптада қолға тиген қаржыны тиімді пайдаланып, әрбірі 185 мың теңге тұратын тігін машиналарын сатып алған. Бүгінде орталық базардағы шағын тігін цехын кеңейтіп, өзінен бөлек тағы 4 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тігіншілерге орташа есеппен  60 мың теңгеден жалақы төлеп келеді.

Айгүл Жансейітованың айтуынша, мемлекет тарапынан тағы да қаржылай қолдау болып жатса, кәсібін ары қарай кеңейтуге дайын. Айта кетейік, көпбалалы ана ашқан тігін цехында киімдерді қысқартып қана қоймай, тапсырыс бойынша да тігеді. Дизайн мен еңбекақы тапсырыс берушінің таңдауына қарай жүргізіледі. Кәсіпкер сондай-ақ, тігіншілікке қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге оқу курстарын жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар