Жетісу жастарының жетекшісі әйелін пышақтады деген ақпарат жалған - әкімдік

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Телеграм желісінде Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас әйелін пышақтап тастады деген ақпарат шықты. Бірақ бұл қаңқу сөзді өңір басшысының баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Телеграмдағы «Еділов онлайн» каналында Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас өз әйелін пышақпен жарақаттағаны жөнінде жайсыз хабар тарады.

Кеше кешке 23:45 кезінде тараған ақпаратты Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebook парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, теріске шығарды.

Ол «Ербол Еділов, досым, хайп қумайық» деп ескерту жасап, адамның отбасылық өміріне араласпау керектігін ескертті.

Сондай-ақ Ғалымұрат Жүкел «пышақталды» делінген Жомарт Қаратастың әйелінің дін-аман екенін көрсетті. Ал желіде тараған ақпаратта пышақ жарақатын алған әйел өлім аузынан қалғаны жазылған еді.

Дегенмен желі қолданушылардың бірі «сонда да сәл-пәл бірдеңе бүлдірген сияқты» деген пікір қалдырған.

Осыдан кейін Телеграмдағы хабарлама алынып тасталды.

Еске сала кетейік, Жомарт Қаратас жақында ғана «Халық алғысы» медалімен марапатталған болатын.


Соңғы жаңалықтар