Жетісуда өткен жас ақындар айтысында Аят Жәнібек бас жүлдені жеңіп алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Біржан мен Сара» атты сөз додасына алғаш қадам басқан жас ақындардың онлайн айтысы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш күнге жоспарланған айтыста өңірдің 18 жас айтыс ақыны қатысып, бақтарын сынады. Сөз додасына қатысқан үміткерлердің өнері мен өрлігін Ермек Келемсейіт, Раушан Жәнібекова, Әміре Әрін, Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райсова, Серік Әбікенұлы, Жемісбек Толымбеков, Қажет Андас, Сағыныш Намазшамова сияқты әр саланың білгірлері бағалап, артықшылығын алқап, орын алған кемшіліктерді көрсетті. Ел-жер тарихы, айтыс өнеріндегі ұлы тұлғалардың еңбегін жаңғырту, Тәуелсіздік жетістіктерін өлеңмен өру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында қазақ халық шығармашылығын насихаттау және дамытудағы жастардың рөлін барынша көрсетуді мақсат еткен айтыс іріктеу кезеңі, жартылай финал және ақтық сын сияқты үш кезеңнен тұрды.

Айтыстың шарты бойынша сахнаға шығатын әр жұп жеребе тарту әдісі бойынша жұптастырылады. Айтыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден асады. Жалпы, сөз сайысы онлайн түрде өткендіткен техникалық кемшіліктер де кездесті. Бірақ айтыс ережесінде көрсетілген барлық талап орындалып, үміткерлердің өз білімі мен білігін көрсетуге барлық мүмкіндік жасалды.

Алматы облысында өткен жас ақындар айтысында бас жүлдені Райымбек ауданның ақыны Аят Жәнібек, жүлделі І орынды Талдықорған қаласының ақыны Жанатбек Айдарәлі, ІІ орынды Кербұлақ ауданының ақыны Ақыт Дастанұлы, ІІІ орынды Талғар ауданның ақыны Нұрислам Әбитилда жеңіп алды.

Жүлдегер ақындарға облыс әкімінің орынбасары Рустам Алиұлы атынан ақшалай сертификат мен алғыс хат табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар