Жолаушы пойыздары дизельмен жылытылатын вагондарға көшуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теміржол саласы қалай дамып жатыр? Пойыз билетінің бағасы кейде ұшақ билетінің бағасындай аспандап кететіні қалай? Жолаушылар ескі вагондардан қашан құтылады? «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Теміржол көлігі және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Елдос Нестай осы сауалдардың жауабын айтты.

- Елдос Ғабидоллаұлы, Қазақстанда теміржол саласы қалай дамып жатыр деп ойлайсыз? Пандемияның әсерінен ес жиып үлгерді ме ?

- Былтыр пандемия басталған кезде біз теміржол байланысын толығымен тоқтаттық. Бүгінгі таңда ел ішіндегі теміржол қатынасы қалпына келтірілді. Бұл 100-ден астам маршрут деген сөз. Алайда, халықаралық қатынастар әлі де тоқтап тұр. Өйткені Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерде шектеулер сақталып отыр. Біз бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Дәл қазір 20-дан астам халықаралық теміржол маршруты шектеулі.

Ел ішінде шамамен 59 облысаралық маршрут мемлекет есебінен қаржыландырылады. Шектеулердің бәрі толығымен жойылды. Пойыздардағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, барлық сақтық шаралары сақталады, санитарлық керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Санитарлық дәрігердің қаулыларының талаптары толығымен орындалады.

Пандемияға дейін теміржолмен 17 млн жолаушы тасымалданса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бар-жоғы 8,5 млн адам қатынаған. Біздің алдын ала есептеулеріміз бойынша, пандемия пойызбен жолаушы тасымалдаушыларға ай сайын шамамен 2 млрд теңге шығын келтірген. Жолсеріктер мен жерасты бригадасының қызметкерлеріне жұмыссыз қалған кезде де айлық төлеу үшін бюджеттен субсидия төлеу туралы шешім қабылданып, орындалды. Қазір тасымал бастапқы көрсеткішке біртіндеп қайтып келеді. Біз биылғы өсім 2020 жылмен салыстырғанда 30% болады деп күтеміз. Ал жолаушылар айналымы 2022 жылдың соңына қарай толыққанды қалпына келетін шығар.

- Тұрғындар ел ішінде қай бағыттарға пойызбен баруды жөн көреді ?

- Жолаушы пойыздарындағы орын тапшылығы маусымдық сипатқа ие. Жазда, еңбек демалыстарының маусымында Алматы-Алакөл, Нұр-Сұлтан-Алакөл бағыттарына сұраныс артады.

Біз биыл осы бағыттарға қосымша пойыздар ұйымдастырдық. Сондай-ақ «ҚТЖ» өз есебінен коммерциялық пойыздар ұйымдастырды. Тапшылық мәселесін осылай шештік. Қазір оқу кезеңі басталды. Сондықтан орын тапшылығы байқалмайды. Керісінше, қазір вагондардың жүктелімі шамамен 30-40% ғана.

Сондай-ақ, жаңа жыл жақындағанда билеттерге сұраныс пайда болады. Біз әр бағытты зерттейміз, қажет болса, қосымша вагондар шығарамыз немесе тіпті коммерциялық бағыттарды іске қосамыз.

- Елімізде қанша теміржол вокзалы бар? Олардың қаншасы жөндеуді қажет етеді? Ішінде талапқа мүлде сәйкес келмейтіндері бар ма ?

- Қазақстанда 300-ден астам теміржол вокзалы жұмыс істейді. Ірі облыстарда ешбір стандарт класына жатпайтын вокзалдар бар. Одан әрі бірінші, екінші және үшінші сыныпты вокзалдар тұр. Сондай-ақ, шағын станцияларда орналасқан өндірістік ғимараттар бар.

Жеті вокзал Алматы, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының әкімдігінің балансында. Тиісінше, оларды күтіп ұстау жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Қалған вокзалдар соңғы үш жылда жөндеуден өтті. Мысалы, Қарағанды вокзалында жөндеу аяқталды. Қазір Тараз, Шымкент вокзалдарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, жергілікті әкімдік Алматы-1, Алматы-2 вокзалдарын қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Күрделі жөндеу біткен соң әкімдік бұл нысандарды ҚТЖ-ға қайтаратыны туралы меморандум бар. Айта кету керек, вокзалдар тасымалдаушының өз қаражаты есебінен жөнделуде. Яғни, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қаражат жұмсап отыр деген сөз. Қысқа мерзімді перспективада «Астана-1» вокзалын қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазір жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Әрине, тұрғындар тарапынан шағымдар бар. Біз мұны түсінеміз. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалуда.

300 вокзалдың 136-сы толығымен талапқа сәйкестендірілген. Ол талаптар ұлттық стандарт аясында бекітілген. Онда мүгедектерге арналған санитарлық қондырғылар орнату сияқты нақты талаптар ескеріледі.

- Теміржол билеті нарығындағы жағдай қандай? Тұрғындар пойызға қарағанда ұшақпен ұшу әлдеқайда ыңғайлы және арзан деп шағымданады.

- Дұрыс айтасыз. Кейде шағымдарды естиміз. Мысалы, адамдар билет бағасы бір күннің ішінде 10 мың теңгеден 20 мыңға дейін көтеріледі деп айтады. Қазақстанда тасымалдаудың екі түрі бар: коммерциялық және әлеуметтік пойыздар. Коммерциялық тасымалдар теміржол компаниясынң өз есебінен жүргізілетіндіктен, бағаны да өздері бекітеді. Ал әлеуметтік пойыздар мемлекет есебінен ұйымдастырылған. Яғни, облысаралық қатынасты министрлік субсидиялайды. Ауданішілік қатынасты жергілікті әкімдіктер субсидиялайды. Коммерциялық пойыздардың бағасын реттеу заңда қарастырылмаған. Өйткені оған мемлекет қаражат бөлмейді, ал жеке тасымалдаушылар өз шығындарын өтеуі тиіс. Осылайша олар жоғары сұраныс бар тарифтерді көтереді. Әлеуметтік пойыздар бойынша баға белгіленген. Министрлік атынан уәкілетті орган облысаралық тасымалдарға шекті бағаны белгілейді.

Жергілікті атқарушы органдар өз бағыттарына баға белгілейді. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар пойыздармен тасымалдау құны коммерциялық бағадан әлдеқайда төмен. Келісімшарттар аясында билеттер бағасы көтерілмейді. Бірақ индекстеу қарастырылған, яғни елдегі инфляция деңгейіне байланысты ғана өзгеруі мүмкін. Айталық, егер билет биыл 10 мың теңге болса, келесі жылы 500 теңгеге көтерілуі мүмкін, бірақ одан көп емес.

Пойыздардағы жеңілдіктерге келсек, балаларға 50% жеңілдік бар, былтыр мүгедектерге 50% жеңілдік енгізілді.

- Жаңа вагондар сатып алу мәселесіне тоқталсақ. Жалпы қанша вагон сатып алынады, вагондар паркі қаншалықты жаңартылады ?

- Жыл сайын 100-ге жуық вагон сатып алып отырмыз. Қолданыста 2600 жолаушы вагоны бар. Былтыр 100 вагон, 2019 жылы – 109 вагон сатып алынса, биыл 94 вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Бір вагонның құны шамамен 450 млн теңгеге жетеді. Сондықтан министрлік тасымалдаушыларға мемлекеттік қолдау көрсетеді. Бұл, ең алдымен, төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру. Осының есебінен тасымалдаушылар вагондарды жаңартады.

Жалпы, бізде вагондардың тозуы шамамен 46%. Халықтың вагондардың ескіргені туралы наразылығы әділетті. Сондықтан бұл мәселе тұрақты бақылауда. 2025 жылға дейін 295 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. Негізгі бағыттар Алматы-Маңғыстау, Алматы-Атырау, Нұр-Сұлтан-Арқалық, Нұр-Сұлтан-Сарыағаш, Нұр-Сұлтан-Маңғыстау бағыттары бойынша болады. Біз сұраныс пен тозу көрсеткіші жоғары бағыттарды зерттейміз. Вагондар отандық «Тұлпар» зауытында сатып алынады. Жаңа стратегиялық серіктесті анықтау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл дизельді генератор арқылы өндірілетін электрмен жылытылатын заманауи вагондар болады деп жоспарлануда. Яғни, экологияға жағымды әсер етеді. Пойызда көмір жағу жолаушыларға да белгілі бір қолайсыздықтар туғызатынын түсініп отырмыз.

Сонымен қатар, жаңа вагон сатып алу барысында біз мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ескереміз. Жаңа вагондарда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған купе мен арнайы көтергіштің болуы талап етіледі.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар