«Жомарт түлек-2021»: Танымал жамбылдықтар әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт Түлек-2021» кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға қонақ ретінде облыстағы мектеп түлектері – қазіргі таңда өңірдің атын шығарып жүрген белгілі қоғам қайраткерлері, танымал әнші-сазгерлер, спортшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер қатысты. Кездесуді ашқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жүздесудің мән-маңыздылығына тоқталды.

«Басты мақсат – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтардың туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру болып табылады. «Жомарт түлек» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылған десек, қазір оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы сомасы 2 миллиард теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. «Туған жер» жобасы аясында 5,5 миллиард теңге сомасына 30-дан астам әлеуметтік жобаны іске асыру ұсынылуда»,-деді облыс әкімі.

Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер жетістікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың бірқатары арнайы келіп қатысса, кейбіреулері бейне-байланыс арқылы қосылды.

Қонақтардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО-ның Халық әртісі, театр және кино актері, режиссері, педагог, профессор Асанәлі Әшімов, тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, академик Мырзатай Жолдасбеков, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің

үздігі Аягүл Миразова, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева және тағы басқалар бар.

Махмұд Қасымбеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізіп, Елбасы Бердібек Сапарбаевтың өңірде қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайтуға ықпал ететін осындай игі шараны өткізу бастамасын жоғары бағалағанын атап өтті.

«Туған жеріне, халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Жамбыл облысында басталған форум республиканың басқа да облыстарында өз жалғасын табады деп сенемін», - делінген Елбасының құттықтауында.

Атақты актер және режиссер Асанәлі Әшімов форумға арнайы қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Өз туған жерін мүмкіндігінше дәріптеп жүрген барша жамбылдық түлектерді біріктіру идеясы маған ұнады. Мен өзім осындай түлектердің қатарында болғанымды мақтан тұтамын», - деді Асанәлі Әшімов.

Мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді осындай бастамалық іс-шараны ұйымдастырғаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, бұл алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Әулиеата топырағынан мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан және қосып келе жатқан көптеген талантты және әйгілі ел азаматтар шықты. Олардың туған жерімен байланысын үзбеуі өте маңызды.

Бірлескен күш-жігермен біз Жамбыл облысының дамуы жолында көптеген игі істерді атқара алатынымызға сенімдімін», - деді Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Мәскеудегі Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Богдан Загрибельный, сингапурлық кәсіпкер Талғат Тұрымбаев, сондай-ақ АҚШ, Түркия және басқа да елдерден қатысушылар онлайн режимінде байланысқа шықты.

Қатысушылардың әрқайсысы тұрақты негізде туған мектебіне, ауылына немесе қаласына қолдан келгенше көмек көрсетіп жүргендер. Олар қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, әлеуметтік нысандар салуға қаражат бөліп, кітаптар сыйлап отырады.

Аймақ басшысы кездесуге қатысушыларды тыңдап, оларға туған мекендері туралы ұмытпағандары, жас жерлестерімен ой бөлісіп, оларды үлкен жетістіктерге ынталандырғандары үшін алғыс білдірді. Осынау ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да сақталуы тиіс екенін баса айтты.

Іс-шара соңында қатысушыларға естелік мүсіншелер алғыс хаттар табысталды.


Соңғы жаңалықтар