Жұмағалиев БҒМ мен Қорғаныс министрлігінен мемқызметтерді автоматтандыруды тездетуді сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев биылғы жылдың соңына дейін электрондық қызметтердің үлесі 80 пайызға дейін (723 қызметтің 580-і) жеткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ал 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын автоматтандырумен жұмыстар аяқталады. Қазірдің өзінде қызметтердің 70,5 пайызы автоматтандырылған. Жылдың соңына дейін мемлекеттік органдар тағы 70 мемлекеттік қызмет бойынша жұмысты аяқтауы қажет. Бұл жерде жұмыстың ауқымды үлесі Білім және ғылым, Қорғаныс министрліктеріне тиесілі (сәйкесінше 26 және 8 қызмет) екенін атап өтемін. Бұл министрліктерден және басқа да әріптестерден осы жұмысты тездетуді сұраймын», - деді министр Үкімет отырысында.

Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің ең оңай жолы - мобильдік технологиялар. Министрдің дерегінше, қазақстандықтардың 64 пайызы смартфонды пайдаланады.

«Электронды қызметтерді алудың тағы бір жеңіл жолы – бұл Telegram мессенджері және әлеуметтік желілер. Ең танымал деген қызметтер осы мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру нәтижесінде халықтан артық анықтама талап етілмейді. Оған дәлел – осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы жойылды. Жыл сайын 14 миллионан астам осындай анықтама беріліп келді. Оларды жою 3,3 млрд теңге шамасында жанама экономикалық әсер береді. Қазір тағы да 27 анықтаманы жою бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар