Жұмыртқа өндірісіне субсидиялар нормативі екі есе артады - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік азық-түлік нарықтарындағы тұрақсыз жағдайға байланысты және отандық құс фабрикаларын қолдау, ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдау көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Түркістан облысында өткен республикалық семинар-кеңесте ведомство басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыр.

Осылайша, ереже жобасында жұмыртқа өндірісінің құнын арзандатуға арналған субсидиялар нормативін екі есе ұлғайту көзделген, ол құс фабрикасының қуатына қарамастан, бір данасына - 3 теңге болады.

Бұл қолдау шарасымен еліміздің барлық жұмыртқа құс фабрикалары қамтылады, оларды субсидиялауға 6,5 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетсек, республикада 63 құс фабрикасы бар, оның ішінде 29-ы ет және 34-і жұмыртқа бағытында. 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық құс фабрикалары сойыс салмақта 266,8 мың тонна құс етін өндірді, бұл - жалпы өндіріс көлемінің 98%-ын құрайды. Тауық жұмыртқасы 3,5 млрд дана немесе жалпы өндірістің 74%-ы өндірілді. Құс етімен қамтамасыз ету 66%, импорт үлесі 45%-дан 39,5%-ға дейін төмендеді. Ел тағамдық жұмыртқамен 98% қамтамасыз етілген.

Бұған дейін АШМ фермерлердің егіс науқанына қажетті ресурстармен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар