Жұмыспен қамтудың жол картасы: Ақмолада жылумен жабдықтау бойынша 34 жоба жүзеге асырылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жылумен жабдықтау бойынша 34 жобаны жүзеге асыру үшін 6,2 миллиард теңге бөлінді.

Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісте өткен жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, алдағы маусымға дайындық мәселесі талқыланды.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жылумен жабдықтау бойынша 34 жобаны жүзеге асыру үшін 6,2 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша басқарма тарапынан құны 10,9 миллиард теңге болатын 72 жоба жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1364 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 56 жоба бойынша келісімшарт жасалған, 16 жоба бойынша конкурстық шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Биылғы жылы облыстағы бірқатар елді мекендеріндегі жылу қазандықтарды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл қосымша 61 көппәтерлі тұрғын үйді, 454 жеке үйді, 31 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтау желісіне қосуға мүмкіндік береді.

«Алдағы күзде өтетін Қазақстан-Ресей аймақаралық форумына дайындық шеңберінде Көкшетау қаласындағы нысандарды және жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін облыс оралығында құны 2,6 миллиард теңге болатын ТМ-2 жылу магистралі қалпына келтірілуде.

Краснояр кентінде жылумен жабдықтау желісінің құрылысы басталды. Жобаны 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл 110 абонетті (30 көппәтерлі тұрғын үй және 80 жеке үйді) бір орталықтандырылған жылу желісіне қосуға мүмкіндік береді.

Бурабай ауданында қазандық және жылу желісі сияқты 20 нысанды жөндеу үшін 2,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Бурабай кентіндегі жылу қазандығын кеңейту жоспарланған», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар