Жұмысшының вакцинадан кейін демалыс алуына мүмкіндігі бар ма – Еңбек министрлігінің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмысшының вакцинадан кейін демалыс алуына мүмкіндігі бар ма? Бұл сауалға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген адам вакцинациядан кейінгі алғашқы күнде өзін жайсыз сезінетіндігіне шағымдануда. Заңнамада вакцинациядан кейін тым болмағанда бір күн демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған ба? Болмаса мұндай норма енгізу көзделіп отыр ма?», - деп сұраған еді БАҚ өкілдері вице-министрден Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

«Иә, қазіргі уақытта жаппай вакцинация жүріп жатыр. Бұл өте дұрыс іс-шара деп санаймын. Өйткені, кез келген кәсіпорынның, тіпті біздің ұйымымыздың одан арғы қызметі вакцина алғандардың санына байланысты. Тезірек вакцина алсақ, онда жұмысшы өзінің жұмыс орнына оралады»,- деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, адам вакцина алғаннан кейін өзін жайсыз сезінсе, онда еңбекке жарамсыздық парағын аштыра алады.

«Жайсыз сезінуге қатысты айтар болсам, ондай адамдар көп емес. Вакцинадан кейін қандай да бір жанама әсер пайда болған жағдайда арнайы 30 минут беріліп, адам бақылауда болады. Егер қандай да бір жанама әсер болса, онда дәрігерге жүгіну керек. Дәрігерге жүгінген кезде симптомдар білінсе, еңбекке жарамсыздық парағын аштыра алады. Мұның бәрі жеке-жеке қаралады. Ал вакцинадан кейін барлығына жаппай демалыс беру мәселесін қарастыру тиімсіздеп ойлаймын», - деді Ержан Біржанов.


Соңғы жаңалықтар