Жүргізуші куәлігінен айырылған Тараз тұрғыны 1 жылдай қоғамдық көлікті айдап келген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылса да қаладағы №43 маршруттық автобусты айдап жүрген 25 жастағы жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

​Анықталған жүргізуші 2018 жылдың соңында қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол ережесін бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айрылған. Алайда ол туралы жұмыс орнына хабарламаған.

​Жүргізуші куәлігінсіз жүрген азамат күнделікті тасымал барысында сыртқы жарығы жоқ көлікті басқарып жүргендігі белгілі болған. Сонымен қатар, ол осыған дейін жол ережесін бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

​«Осы жүргізушіге қатысты екі хаттама толтырылды. Ол бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне орай 3 айлық және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Оның басқаруындағы қоғамдық көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - деді Тараз қаласы ІІБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Нұржан Керебаев.

​Сондай-ақ, жол-техникалық инспекция бөлімінің мамандары осы маршруттық автобустың техникалық жағдайы мен пайдаланылуына, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін орындамағаны үшін жауапты жеке кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын айтады.

Соңғы жаңалықтар