Жүруге жарамсыз көлікке де салық салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жүруге жарамсыз болып қалған көлікке салық төлемеу үшін уәкілетті органдардың мемлекеттік тіркеуінен шығару қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Меммлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отар Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде айтты.

«Біз бір жағдайды түсініп алуымыз керек. Көптеген қазақстандықтарды мазалап жүрген мәселенің бірі осы. Көлік жарамсыз болып қалған жағдайда да ол ішкі істер органдарының мемлекеттік тіркеуінен шығарылмаса, салық есептеледі. Тіркеуден шығарылғанға дейін жүрсе де, жүрмесе де салық есептеледі», - деді комитет өкілі.

Маманның айтуынша, істен шыққанымен тіркеуден шығарылмаған көліктің салығына қатысты шағымдар ведомствоға жиі түседі екен.

«Көптеген азаматтардан арыз, шағымдар түсіп жатады. «Бәлен жыл бұрын жарамсыз болып қалған, үйдің ауласында қаңырап бос тұрған көлік үшін неге салық төлеуім керек» деп жатады. Салық заңнамасында бұл мәселе анық жазылған. Мемлекеттік тіркеуден шығарылғанға дейін сіз салық төлеуге міндеттісіз. Осы эфирді пайдаланып салық төлеушілерге айтқым келеді. Егер аттарыңызда жарамсыз болып қалған көліктер болса, ертерек уәкілетті органдардың есебінен шығартып тастауларыңыз қажет», - деді Олжас Отар.

Ол, сондай-ақ, сенім хат арқылы сатылған көлік Ішкі істер органдарының мемлекеттік тіркеуі бойынша кімнің атында тұрса, салықты сол адам төлейтінін ескертті.


Соңғы жаңалықтар