Жыл қорытындысы: Қазақстан жолдары қаншалықты қауіпсіз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Автомобиль жолдарының сапа проблемасы еліміз үшін барлық уақытта да өзекті болып отыр. Өйткені, жылдан жылға Қазақстанда көлік саны артып, жол сапасы нашарлығы салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Тіпті, азаматтарымыз да сондай оқиғалардың салдарынан өмірімен қош айтысатыны белгілі. Осы ретте «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК өтіп бара жатқан жылы еліміздің жолдарында қандай жұмыстар атқарылғанына, жөндеу жұмыстары барысында қандай кемшіліктер орын алғанына қатысты мәліметтерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК 2020 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік материалдарының 27,4 мыңнан астам сынамасы сыналған.

«Нормалар бойынша 6 мыңнан аса талапқа сәйкессіздік анықталып, 9,6 мың кемшілік (бұзушылықтар) әшкереленді. 2,5 млрд теңгеден астам қаржыға жасалған жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу ұсынылды. Бүгінде оның 2,4 миллиардтан астам теңгесі бойынша кемшіліктер жойылды», - деді аталған орталықтың баспасөз хатшысы Нұрбол Алманов

Сонымен қатар ол бүгінгі күнге дейін күрделі күйде қалып келе жатқан маңызды проблеманың бірі – жол саласындағы қызметтердің қай-қайсына да мамандар жетіспейтіндігін айтады.

«Бұл бағытта биылдан бастап біз оқушылар арасында жол мамандығының артықшылықтарын насихаттап, кәсіби бағдар беру жұмысын қолға алдық. Қазір біз «1 000 мектеп» науқанын аяқтадық. Төтенше жағдай кезінде де осынау маңызды шарамызды тоқтатпай, оны онлайн режимде жалғастырдық. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 7 391 мектептің 1 153 мектебі немесе шамамен 115 000 оқушы осындай игі шарамен қамтылды. Сондай-ақ мұндай игі шараны біз жоғары оқу орындарында да үйлесімді жалғастырып, жаз айларында 45 студентті ақылы тәжірибеге тарттық. Олардың кейбірі осы күнге дейін бізбен тығыз жұмыстарын одан әрі жалғастырып келеді», - деді ол.

Орталық автомобиль жолдарына қатысты салалық жоғарғы оқу орындарымен байланысты да нығайта түсуде. Мысалы, Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен және Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясымен әріптестік қатынас жолға қойылған. Студенттердің білімін арттыру үшін «Ұлттық сапа орталығы» мамандары оларға онлайн режимде сабақ өткізу де қолға алынып отыр.

«Қоғамды ерекше мазалайтын мәселе – жол-көлік оқиғасынан қаза табатын адам санының азаймауы. Ішкі істер министрлігі мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда 86 мың жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 мың адам қайтыс болып, 100 мың адам жарақат алған. 2019 жылдың қорытындысында жол апатынан қайтыс болған адамдар көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 10,4 екен, ал Европа елдерінде бұл көрсеткіш - 5,5», - деді Нұрбол Алманов.

Сарапшылардың пайымынша, жол-көлік оқиғаларының орын алуына бірнеше себеп бар. Ең негізгісі – адами фактор. Жылдамдықты асырып жіберетіндер, бағдаршамға бағынбайтындар, ішімдік ішіп алып рульге жармасатындар да жеткілікті. Соңғы уақытта телефон салдарынан орын алатын жол апаттарының да саны артып келеді. Азия даму банкі бір адамның экономикалық шығынын 500 миллиард теңгеге бағалап отыр, оның 460 миллиарды - өндіріс және адам шығыны деседі. Ал біздің елімізде қайтыс болғандардың 50 пайызы - жастар, олар қоғамға қыруар пайдасын тигізетін еді.

«Біздің салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өте жоғары екенін мойындауымыз керек. Орын алып отырған жемқорлық фактілері сапасыз жолдар салдарынан екені де жасырын емес. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша жолдың өмірлік циклінің 40 пайызы материалдар мен жасалар жұмыс сапасына байланысты болып саналады. Яғни, сапалы жұмыс жасалса, қоспа материалдар бар талапқа сай болса, өміршеңдігі екі есе жуық артады деген сөз», - деді ол.

Айта кетерлігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі меморандумға қол қойған. Аталған құжат аясында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Жобалық кеңсе жұмысының барлық кезеңінде 809 шығу жүзеге асырылды және 1500 бұзушылық анықталды. Ішкі тәуекелдерге келетін болсақ, орталық парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің ISO 37001 аттестациясынан өтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын құрамында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен және алдын алумен айналысатын «комплаенс офицер» жұмыс істеуде.

«Тағы бір маңызды мәселе – қай жұмыстың болмасын халыққа ашық болуы. Ал, біз әрқашан халыққа ашықпыз. SAPAORTALYGҮ.KZ ресми сайтымыз жұмыс істеп тұр. Таяуда ғана You Tube видеохостингта JOL.KZ арнасын аштық. Біздің өкілдеріміз барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда бар. Фейсбук, инстаграмм, телеграмм сияқты әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, ондағы жаңалықтар жедел әрі тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Тың бастама ретінде тағы бір айта кетерлік жайт, еліміздің барлық өңірінде «Халықтық бақылау» мониторинг тобын құрдық. Оның құрамына қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, прокуратура мен жергілікті әкімдік мүшелері, журналистер және блогерлер кірді. Барлығы 104 адам. Олар халықты толғандырған жол сапасы бойынша әлеуметтік желідегі мәселелерді жан-жақты талқылайды. Кейбір фактілерге дәлел керек болса, біздің жылжымалы зертхана көмегіне жүгіне алады. Мониторингтік топ мүшелері де біздің қызметкерлермен бірге тексеруге шығады. «Халықтық бақылау» қоғамдық мониторинг топтарымен жұмыс барысында Орталық атына 102 арыз түскен, кемшіліктерді жою мақсатында 31 бірлескен тексеру жүргізілген. Мұның бәрін, әрине, жұмыстарымыздың ашықтығын қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдар мен қарапайым адамдардың өз тарапынан Ұлттық сапа орталығы басшылығымен құрған әлеуетті күш деп есептейміз», - деді Нұрбол Алманов.

Соңғы жаңалықтар