Жыл сайын суды көп қажет ететін дақылдар егістіктері азайтылады - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдар 450 мың гектарға дейін жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін жеткізу индикаторы көзделген. Суы аз циклдің сақталып отырғанын және суаратын су тапшылығының өсуін ескере отырып, фермерлерге су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізуді ұсынамыз. Осыған байланысты біз Экология министрлігінің барлық облыстардың алаңдарын айқындай отырып, Су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жол карталарын әзірлеп, бекіту, жоспарлардың орындалуын міндетті түрде бақылау туралы ұсынысын қолдаймыз», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында қазіргі уақытта су беру бойынша көрсетілетін қызметтерді өтеу жөніндегі субсидияларды суару тәсілдеріне байланысты саралау жұмысы жүргізіліп отыр, яғни су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана бұрынғы деңгейдегі субсидияларды алады.

«Су үнемдеудің маңызды бағыттарының бірі - суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру. Жалпы алғанда, министрлік облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, жыл сайын суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдарды азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы 2020 жылмен салыстырғанда мақта алаңы 18 мың гектарға, күріш алаңы 7,6 мың гектарға азайтылды», - деді министр.

Үкімет отырысының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында алдағы уақытта Түркістан облысы бойынша мақта алқаптарын 100 мың гектарға дейін, сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша күрішті 75 мың гектарға дейін азайту жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаң республика бойынша 248 мың гектарды құрады.



Соңғы жаңалықтар