Жыл соңына дейін Түркістанда 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН - ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың соңына дейін аталған өңірде 52 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілсе, оның жетеуінің құрылысы алдағы 10 қарашаға дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 2 351 пәтерлік 52 тұрғын үйдің (135,6 мың шаршы метр) құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 33,8 мың шаршы метрді құрайтын 660 пәтерлік жалға берілетін 11 тұрғын үйдің құрылысы маусым айында аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті. Халыққа беруге дайын деп айтуға болады. Сонымен қоса, бүгінде «Түркістан Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы салынып жатқан барлығы 336 пәтерлік 6 үй қолданысқа тапсырылды», -деді Ө.Шөкеев.

Әкімнің сөзіне сенсек, 10 қарашаға дейін 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысын аяқтауға мүмкіндік бар.

«Одан бөлек, 540 пәтерлік 9 тұрғын үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі, онымен қоса жеке инвесторлар арқылы алынып жатқан 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Біздің жоспар бойынша, қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін өз иесін табуы тиіс. Сонымен қатар, 7 қабаттан тұратын 24 тұрғын үйдің құрылысы жуырда ғана басталды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңір басшысы Арыс қаласының бүгінгі жағдайы туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар