Жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ - Төрегелді Шарманов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов коронавирус инфекциясының алдын алу, үй жағдайында емделу шаралары, бойға қуат беретін ас мәзірі туралы кеңес берді. Бұл туралы ҚазАқпарат Ortalyq Qazaqstan газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бұл індет тосыннан пайда болды деп айтудың өзі ауыр. Егер, дәл солай десек, ақиқаттан ауытқып кетуіміз ықтимал. Дін саласындағылар мұны Алланың назасына балап жүр. Қисыны бар. Адамзат баласының Алладан айла асырамын деген астамшылығына Жаратушымыздың назалануы әбден мүмкін. Ғалымдар індеттің таралу жылдамдығын табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан іздеп жатыр. Саяси ойыннан шыққан от деп жүргендер де бар. Әйтеуір, аса қауіпті індет екенін көзіміз көріп отыр. Сақтану керек. Әр адамның жауапкершілігі, бір-бірімізге деген жанашырлық керек», - дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Қаншама жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанып келген академик тамақтану рационын өзгертпегенін айтты.

«Кейбір жағдайда бойға қуат беретін, ағза иммунитетін көтеретін тағамдар көлемін ұлғайттым. Жылқы етін жеймін. Қымыз ішемін. Жаяу жүріп, жаттығу жасаймын. Адам әуелі өзіне жаны ашуы керек. Өзіне жаны ашыған адам, өзін жаман індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам. Осыны естен шығармаған абзал», деді Төрегелді Шарманов.

Оның айтуынша, індетпен күресудің нәтижелі болуы үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек.

«Дәл осы кеселдің психологиялық салдары – өте ауыр. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс дейсіз бе, небір ауыртпалық көрген және жеңген рухы берік халықпыз. Мұны да жеңеміз! Қазір бізде мүмкіндік көп. Технология дамыған, білімді, білікті мамандар бар. Заман өзгерген. Сол үшін ертеңге деген сенімнен адаспау керек. Күні ертең туатын мамыражай тірліктен күдер, үміт үзбеуіміз керек. Бұл індеттің ең басты емі – сабыр», деді Төрегелді Шарманов.

Академик «иммунитетті көтеру, ауруға ағзаның қарсы тұру қабілетін арттыру деген мәселеде мен қазақтың ұлттық тағамдарын ғана айтамын» деді.

«Әрине, ас мәзіріңізде балық, жеміс-жидек секілді дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Бірақ жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ. Құрт қосылған сорпаның маңызы ерекше. Енді бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Маман ретінде бір тағамның құнары, пайдасы туралы айтсаң, ертең-ақ ол тағамның бағасы шарықтап шыға келеді. Мысалы, мен жылқы етін айтып отырмын. Осы індетті жеңемін деген адамның бәрінде дәл қазір жылқы сойып алуға немесе жылқы етін сатып алуға жағдайы келмеуі мүмкін. Дәмелену бар да, оны тұтынуға дәрменнің жоқтығы бар. Бағалы нәрсеге қолы жетпеген адамның жүйкесіне салмақ түседі. Ал, жүйкенің мазасыздануы дерттің ушығуына жол ашып береді. Сондықтан, жылқы етін сатып аламын деп тыраштанудың да, сатып ала алмасаң, мазасызданудың да қажеті жоқ.

Негізінен, ет тағамдарын көбірек тұтыну керек. Қанша ауыр болғанымен, қой етінің де емдік қасиеті зор», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар